Сарайшықтағы қытай тиыны

Жуырда Сарайшықтағы №3 қазба маңынан «Сарайшық» музей-қорығының археологтары ортасында төртбұрышты тесігі бар қытай тиынын тапты. Бұл — Сарайшықтан табылған алғашқы қытай тиыны ретінде тіркеліп отыр. Жалпы Атырау облысы бойынша музей қорларында мұндай көне қытай тиындары бұрын кездеспеген. Ал Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында осындай тиын табылғаны туралы әріптестерімізден ауызша мәлімет бар.
Табылған тиын Қытайдың Солтүстік Сун династиясы кезеңіне жатады. Ақша әулеттің 6-шы императоры Шэнь-цзұң билік еткен уақытта соғылған. Император 1067–1085 жылдары ел басқарған және тарихта реформатор ретінде белгілі. Тиын оның билігінің алғашқы «Си Нин» кезеңіне (1068–1077 жж.) сәйкес келеді және мыстан құйылған. Тиын бетінде мемлекеттік ресми ақшаға тән «юань бао» жазуы бар. Бұл сөз «негізгі ақша», «айналымдағы қазына» деген мағынаны білдіреді.
Сун династиясы (960–1279) — әлем тарихында экономикасы дамыған, технологиялық жетістіктерге бай және мәдениеті гүлденген өркениет ретінде танымал. Бұл кезеңде алғаш рет қағаз ақша айналымға енгізіліп, компас, оқ-дәрі және кітап басу ісі кеңінен дамыды.
Император Шэнь-цзұң билігі кезінде мемлекет экономиканы нығайтуға бағытталған реформалар жүргізді. Соның ішінде мыс тиындарды жаппай шығару арқылы ақша айналымын күшейтіп, сауда-саттықты жандандыруға ерекше мән берілді. Сондықтан мұндай тиындар тек төлем құралы ғана емес, сол кезеңдегі экономикалық саясаттың нақты көрінісі болып табылады.
Қытай тиындарының біздің өңірге таралуының негізгі жолы — Ұлы Жібек жолы. Саудагерлер тауармен бірге ақшаны да алып жүрген. Мұндай тиындар жергілікті ақша айналымында кең қолданылмауы мүмкін, алайда оларды металл ретінде қайта балқытуға, немесе әшекей, тұмар ретінде пайдалануға болған. Тиынның тесігінен жіп өткізіп мойынға тағуға ыңғайлы болған.
Зерттеушілердің пікірінше, қытай тиындары Еуразия кеңістігіне Алтын Орда дәуірінде біршама таралған. Олар моңғол жаулап алушылары арқылы келуі бек мүмкін. Мәселен, нумизмат П. Петров Отырар аймағынан табылған қытай тиындарын зерттей отырып, Сыр бойы тұрғындары оларды белгілі бір деңгейде ақша айналымында қолдануы мүмкін деген болжам ұсынады.
Сарайшықтағы мұндай олжалар қаланың халықаралық сауда жүйесіне енгенін және Еуразия кеңістігіндегі экономикалық байланыстарға белсенді қатысқанын дәлелдейді.




