Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК

Тасоба және Бесікті жерлеріне экспедиция

Атырау облысындағы алтынорда кезеңінің ескерткіштерін атағанда, жұрттың аузына алдымен Сарайшық, Ақтөбе қалалары, Таскешу керуен-сарайы түсетіні анық. Бірақ облысымызда одан да басқа алтынордалық ескерткіштер баршылық. Сондай ескерткіштердің бірі Индер ауданы аумағында орналасқан Тасоба мекені деп аталады. Ел аузында айтылатын әңгімелер бойынша бұл жерде Алтын Орда мемлекетінің дамыған заманында сауда қалашығы болған десе, біреулер қалмақ тайшысы Аюке ханның мекені болған екен дейді. Тасобаны 2007 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы зерттеп, ескерткіш орнында 3 бақылау шурфтарын қазған. Сол кезде ғимараттың еденіне төселген қыш кірпіштер ганч ерітіндісімен бекітілгені белгілі болды. Ескерткіш мерзімін XIII-XV ғасырлар деп белгілеген. Содан кейінгі уақытта бұл тамаша ескерткіш тарихшылар тарапынан зерттелген емес. Жақында Тасоба мекені ескерткіш орнында «Сарайшық» музей-қорығының археологтары барлау-бақылау жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстар барысында анықталғаны ескерткіштің беткі қабатында XIV ғасырға тән алтынордалық қыш кірпіш сынықтары, қызыл түсті және сырлы қыш ыдыстың сынық бөлшектері шашылған. Қыш кірпіш көлемі 25,5х25,5х6 см. Метал ыдыс сынықтары мен шыны сынықтары табылды. Шығыр сынықтары жатқаны, мұнда су диірменінің жұмыс жасағанын байқатады. Қытай фарфоры тәріздес селадон ыдыс сынығы да табылды, мұның бәрі бұл жерде Ұлы Жібек жолы сауда қатынасына қатысы бар елді мекеннің болғанына куә. Сарайшыққа келген сауда керуендері тек екі бағытқа емес, дүниенің төрт тарабына бағыт алғанын зерттеушілер жазып жүр. Жайықты бойлап солтүстікке бағыт алған керуендер Тасобаға аялдайтын болса керек. ХVІІ ғасырда осман саяхатшысы Эвлия Челеби Жайық өзенін бойлап жүзгенде, өзен жағалауы бойында жүздеген қалалар болғанын жазады, олардың кейбірінің атауын да келтірген. Сол қалалардың бірі Тасоба ескерткіші болса таң қалмаймыз.


«Сарайшық» музей-қорығының экспедиция мүшелері «Сарайшық - Сарай-Бату» арасындағы керуен жолдарын зерттеу мақсатында Исатай ауданының тұрғыны Жақин Жұмажанның жол бастауымен Тұшықұдық селолық округіне қарасты Қызылүй ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 13 км қашықтықта орналасқан ерте темір дәуіріне жататын «Бәстікті» обасына барды. Жергілікті өлкетанушы Шеген Неталиев, Жұмажан Жақиндер ресми құжаттарда «Бесікті» обасы деп жазылған ескерткіштің дұрыс атауы «Бәстікті» екенін айтты. Және жергілікті халық ертеден солай атайды. Олардың айтынша бұл ХХ ғасырдың бас жағында адам жерленген мола екен. 1970 жылдар шамасында басында көк тастан қойылған құлпытасы болғанын мысалға келтіреді. Молада жерленген адамның есімі Жиенбай. Ол ел аузындағы әңгіме бойынша таз руының биі Қойгелді Қожамбетұлының қызын айттыруға келіп, асау үйретуге бәс тігіп, мертігіп қайтыс болған деседі.
«Бәстікті» обасы алыстан байқалатын биік төбе, үстінде триангуляция белгісінің ізі бар. Экспедиция мүшелері «Бәстікті» обасы үстінен жел үрген құмнан ашылып қалған адамның бас сүйегін анықтады. Мәйіт ағаш табытқа жерлеген секілді. Жақин Жұмажанның айтуынша, биылғы жылы оба аумағында өрт болып, төбе үстіндегі жыңғыл, дүзгін секілді бұталар, шөптер жанып кеткен, Беткі қабаты жалаңашталып қалған оба үйіндісін құм ұшырып әкете бастаған. Жерленген мәйіттің топырақтан ашылып қалғаны секілді триангуляция белгінің іргетасы тұрбасы да 1,5 метрге жуық ашық тұр. Бұл ескерткіштің сақталып қалуына әсер етері сөзсіз.

 

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru