Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімі

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің қызметі

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы құрамындағы Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімі өңірдегі тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, зерттеу, сақтау және қорғау бағытында кешенді жұмыстарды жүзеге асырады.

Бөлімнің негізгі міндеті – тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, оларды ғылыми айналымға енгізу, насихаттау, сондай-ақ өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және сақтау жөніндегі заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бөлім келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді:

  • тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында ғылыми және далалық экспедициялар ұйымдастырады;
  • анықталған ескерткіштерді есепке алу үшін ғылыми құжаттамаларын (есеп карточкасы, схемасы, паспорты) әзірлеп, оларды тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуге ұсынады;
  • тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізеді;
  • зерттелген аумақтар бойынша архивтік және библиографиялық материалдарды жинақтау мақсатында археографиялық зерттеулер ұйымдастырады;
  • анықталған объектілердің географиялық координаталарын белгілеу, фотофиксация жүргізу және топографиялық сызбаларын дайындау жұмыстарын атқарады;
  • ескерткіштердің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи-ландшафттық аумақтарды айқындайды;
  • тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді;
  • шаруашылық немесе өндірістік игеру жоспарланған аумақтарда этноархеологиялық зерттеулер жүргізіп, тарихи мұраның сақталуын қамтамасыз етеді.

Бөлімнің қызметі өңірдегі тарихи-мәдени мұраны жүйелі түрде зерттеуге, қорғауға және келешек ұрпаққа сақтап жеткізуге бағытталған. Жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен практикалық жұмыстар Сарайшык қалашығы мен оның тарихи-мәдени ортасын кешенді түрде зерделеуге мүмкіндік береді.

 

Бөлім меңгерушісі, бас инспектор Айбек Тұрарұлы 

 

 Айбек Тұрарұлы 1973 жылы 15 мамырда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді. Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «тарих және география пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы Атырау облысы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында егінші болып бастаған. 1996–2006 жылдары Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясында жұмысшы, кейін лаборант қызметтерін атқарды. Осы кезеңде далалық археологиялық зерттеулерге белсенді қатысып, тәжірибелік біліктілігін қалыптастырды. 

2008–2011 жылдары «Атырау облыстық тарих және археология орталығы» КМҚК-да кіші ғылыми қызметкерден кәсіпорын басшысының орынбасарына дейінгі қызметтерді атқарды.

2011–2018 жылдары «Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі» КМҚК-да еңбек етіп, археология ғылыми-зерттеу бөлімінде аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі және қор сақтаушы лауазымдарында жұмыс жасады.

2018 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-да қызмет атқарады. Қазіргі таңда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі ретінде өңірдегі археологиялық мұраларды сақтау, зерттеу және қорғау бағытындағы жұмыстарды ұйымдастырып келеді.

Ғылыми және кәсіби қызметі барысында археологиялық зерттеулерге, далалық экспедицияларға және тарихи-мәдени мұраны сақтау жобаларына белсенді қатысқан. Ортағасырлық Сарайшык қалашығы мен оның маңындағы ескерткіштерді зерттеу ісіне үлес қосып келеді.

Көптеген ғылыми, танымдық мақалалардың авторы. Ғылыми кітаптары, ұжымдық монографиялары жарық көрген.

Жоғары еңбек жетістігі және мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін 2019 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен наградталған.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтің Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

 

Бөлімінің ғылыми құрамы

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінде  3 аға ғылыми қызметкер, 1 ғылыми қызметкер, 1 кіші ғылыми қызметкер, 2 археолог, 1 инспектор жұмыс жасайды.

Инспектор Амангелді Жеңісұлы Жұмабаев - Б.Б. Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын аяқтаған. Музей-қорықта 2019 жылдан бастап жұмыс жасайды.

Аға ғылыми қызметкер Жүніс Рүстемұлы Байғалиев - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «тарихшы» мамандығы бойынша магистратурасын тамамдаған. Музей-қорықта 2018 жылдан бастап жұмыс жасайды.

Ғылыми қызметкер Карина Ғибадатқызы Каримова - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «тарихшы» мамандығы бойынша магистратурасын тамамдаған. Музей-қорықта 2024 жылдан бастап жұмыс жасайды.

Кіші ғылыми қызметкер Айкөркем Шалхарқызы Мұстажап - Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «Аударма ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. Музей-қорықта 2023 жылдан бастап жұмыс жасайды.

Археолог Ернар Саттарұлы Жақсылықов - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «тарихшы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде аяқтаған. Музей-қорықта 2026 жылдан бастап жұмыс жасайды.

     Бөлім қызметкерлері ортағасырлық Сарайшық қаласын сақтау, қорғау және ғылыми зерттеумен айналысады. Оған қоса өлке тарихын зерттеуді ұйымдастырады. Сонымен бірге далалық экспедицияларға, іс-сапарларға қатысып, ғылыми материалдар жинаумен, жаңадан табылған тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми өңдеумен айналысады. Ізденістер нәтижесін ғылыми, танымдық мақалалар жазып баспасөз беттерінде жариялап отырады. Тақырыптық дәрістер ұйымдастырумен қатар, экспонаттар жинап музей қорын толықтырады.

 

 

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Назар аударыңыз:

Сенбі, жексенбі және мереке күндері экскурсиялар

“Сарайшық” сапар орталығынан басталады.

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru

Сенім телефоны:

8 (7172) 25-23-97

+7 700 525 23 97