2024 жылдың 28 мамырында «Сарайшық» музей-қорығының жылдық жұмыс жоспары бойынша «Алтынордалық Сарайшық, Ұшқан, Ащысай, Қарағайлы ескерткіштері тарихи-мәдени мұра контекстісінде (ХІІІ-ХV ғғ.)» ғылыми бағдарламасын орындау мақсатында археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған Ащысай, Қарағайлы ескерткіштеріне Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен т.ғ.к., профессор Серік Қуаныш, археолог Амангелді Зайновпен бірлесе бағдарлама мүшелері Айбек Тұрарұлы, Амангелді Жұмабаев экспедиция ұйымдастырды. Ескерткіштерге Сарайшық бағытынан баратын жолдарды су басуы салдарынан, экспедиция мүшелері Атырау-Астрахань көлік жолымен батыс жағы арқылы сапарға шықты. Алайда, Ащысай ескерткіші жан-жағынан су басып, аралда қалғаны анықталды. Байшақа су арнасы бойындағы барлық құбырлы көпірлер мол суды өткізіп жіберу мақсатында бұзылған, Жайықтың өр суы арнасынан асып 18-20 шақырымға дейін жайылып кеткен. Экспедиция Қарағайлы ескерткішіне барлау жұмысын жүргізді.