2025 жылғы 26 тамызда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына Ресейдің көрнекті нумизмат-ғалымы, тарих ғылымдарының докторы Павел Николаевич Петров келді.
Сапар барысында ғалым музей-қорықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Музей-қорық археологтары жаңа қазба орындарына шолу жасап, соңғы маусымда табылған жәдігерлерді көрсетті.
Кездесу барысында Сарайшықтан табылған тиындардың зерттелу деңгейі, олардың Алтын Орда кезеңіндегі ақша айналымындағы орны және жаңа нумизматикалық олжалардың тарихи маңызы туралы сұхбат өтті. Ғалым қордағы нумизматикалық коллекцияға ғылыми баға беріп, алдағы бірлескен зерттеу жұмыстарының бағыттарын талқылады.
Сапар қорытындысында тараптар ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға уағдаласты.










