25 мамыр күні Астана қаласында өткен IV халықаралық музей конгресіне қатысқан Түркі дүниесі мен Орталық Еуразия тарихын зерттеуші белгілі ғалым, Торонто университетінің профессоры Джу-Юп Ли «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына арнайы қонақ болып келді. Қазақ халқының этногенезі, Қазақ хандығының қалыптасуы және «қазақылық» феноменіне қатысты жаңашыл ғылыми еңбектерімен танылған канадалық зерттеуші Қазақстанға жасаған іссапары аясында көне Сарайшық қаласының тарихымен танысуға ерекше қызығушылық білдірді. Сапар барысында ғалым музей экспозициясын, ортағасырлық қала орнындағы тарихи нысандарды аралап көріп, музей-қорықтың ғылыми қызметкерлерімен кездесу өткізді. Дөңгелек үстел форматында өткен басқосу еркін пікір алмасу, ғылыми диалог бағытында өрбіді. Кездесу барысында тараптар ортағасырлық тарих, Жошы Ұлысы, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы және Сарайшықтың тарихи маңызына қатысты өзара пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, ғылыми көзқарастарын ортаға салды. Сонымен қатар болашақта ғылыми байланыстарды арттыру, тәжірибе алмасу және зерттеулермен бөлісу мәселелері де талқыланды.










