Қазба. XIV-XV ғғ.
Қала құрылысы белгілі бір жобамен, көшпелі елдің қаласына тән дәстүрмен салынған. Үйлердің архитектурасы мен ішкі интерьерлері Еділ бойы мен Хорезмнің қалаларына тән, шығыстық әсер айрықша байқалады. Үйлер шикі кірпіштен қаланған, екі-үш немесе төрт бөлмеден тұрады. Бөлменің қабырғасын жағалай айналдыра, суфа (сәкі) салынған. Бөлмелер көбіне тандыр пешпен жылытылатын болған. Пештің жылуы суфалардың ішіне жүргізілген жылыту жүйесі, кандар арқылы өтіп, бұрышқа салынған тік мұржа арқылы сыртқа шығып кететіндей жасалынған. Барлық қабырғалар мен суфалар саз балшықпен сыланып, әктеліп отырған. Бөлмелердің едені нығыздалып, сазбен сыланған. Тұрғын бөлмелер еденінен қазылған тары мен арпа сақтайтын қоймалар болған.
Археологиялық қазба жұмыстарын Атырау облысы тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының тапсырысы бойынша әр жылдары археологтар А.Зайнов, Е.Рахманкулов жүргізді.