Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК

Ноғай залы. 2 витрина

Нумизматикалық жәдігерлер. XIV ғ.

Бұл топқа ортағасырға жататын күміс тиындар жатады. Олар сол кезеңдегі ақша айналымы мен сауда қатынастарының дамуын көрсететін маңызды дереккөз болып табылады. Күміс тиындарда әртүрлі таңбалар, жазулар мен өрнектер бейнеленіп, олардың соғылған уақыты мен аймағы туралы мәлімет береді. Мұндай нумизматикалық жәдігерлер ортағасырлық экономикалық және саяси тарихты зерттеуде ерекше мәнге ие.

 

Тиынсауыттар. XIII - XIV ғғ.

Бұл кезеңге тән тиынсауыттар шағын көлемімен және қарапайым пішінімен ерекшеленеді. Олардың мойын бөлігі болмайды, ал шанағының жоғарғы жағы шар тәрізді болып келеді. Төменгі бөлігі сәл ұзыншалау жасалған. Ыдыстың шанағының жоғарғы қапталында тиын салуға арналған арнайы тесік бар. Мұндай тиынсауыттар күнделікті тұрмыста ұсақ ақшаны сақтауға пайдаланылған.

 

Каури ұлу қабыршағы. XIV ғ.

Каури – сопақша пішінді, екі жағы дөңгеленген, астыңғы жағы саңылаулы, түсі ақшыл, сарғыш немесе қоңыр дақтармен көмкерілген жылтыр қабық. Көбіне Үнді мұхиты мен Тынық мұхит аймақтарында, сондай-ақ Африка мен Оңтүстік Азия жағалауларында кездеседі. Кауридің мықтылығы, сирек кездесуі, сақтауға және тасымалдауға оңай болуы ерте дәуірлерде оны құнды табиғи валютаға айналдырған. Әртүрлі этностарда каури қабықтары жын-шайтаннан қорғайтын тұмар, бойтұмар ретінде қолданылған. Сонымен қатар олар киім-кешекке, бас киімдер мен белдіктерге сәндік элемент ретінде тігілген. Қазақтарда бұл қабықтар «жыланбас» деп аталып, кішкентай сәбиді тіл мен көзден қорғау үшін бас киімнің маңдай бөлігіне тағылған.

 

Нефриттен жасалган әшекейлер. XIII - XIV ғғ.

Ортағасырларға жататын нефриттен жасалған әшекейлер – жоғары көркемдікпен орындалған, әлеуметтік мәртебені білдіретін сирек кездесетін бұйымдар. Нефрит — қатты әрі өңдеуге келмейтін берік тас болғанымен, одан жасалған әшекейлер нәзік өңделуімен, жылтыр бетіндегі өрнектерімен ерекшеленеді. Олар белдікке тағылатын тұмар, сәндік ілгек, киімнің сәндік бөлшегі немесе діни-символикалық мәні бар зат ретінде қолданылған. Нефрит бұйымдары тек сәндік мақсатта ғана емес, иесіне күш-қуат, ұзақ өмір және қорғаныш сыйлайды деген наныммен де бағаланған. Ортағасырлық кезеңдегі халықаралық сауда қатынастары арқасында нефрит Қазақстан аумағына Қытай мен Шығыс Түркістан арқылы жеткізіліп отырған.

 

Меруерт жапсырма. XIII - XIV ғғ.

Меруерт жапсырма — киім-кешекке немесе сәндік бұйымдарға сән беру үшін қолданылатын інжу тәрізді жылтыр, ақшыл түсті ұсақ әшекей. Ол көбінесе киімнің жағасына, жеңіне, бас киімдерге, белдіктерге, сондай-ақ зергерлік бұйымдарға әсемдік ретінде жапсырылады. Пішіні: дөңгелек, сопақша, кейде тамшы тәрізді. Түсі: ақ, сүттей ақ, күңгірт қызғылт немесе сұрғылт реңді. Меруерт жапсырма – қазақтың дәстүрлі сән өнерінің нәзік үлгісі ретінде мәдени мұраның бір бөлшегі болып табылады.

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Назар аударыңыз:

Сенбі, жексенбі және мереке күндері экскурсиялар

“Сарайшық” сапар орталығынан басталады.

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru

Сенім телефоны:

8 (7172) 25-23-97

+7 700 525 23 97