Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК

Алтын Орда кезеңіне дейінгі Сарайшық залы. 2 витрина

Хазар құмыралары. VII - Х ғғ.

Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстардың бір бөлігі Хазар қағанаты дәуіріне жатады. Бұл жәдігерлер сол кезеңде Сарайшық өңірінде өмір сүрген халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, этно-мәдени ерекшеліктері мен өзара байланыстары туралы құнды мәлімет береді. Осындай ұзақ уақыт бойы бұзылмай сақталуының өзі ерекше назар аударарлық. Ыдыстың шанағы домалақ пішінді, мойны қысқа, ернеуі мен шанағын біріктіріп тұрған тік орналасқан ілмек тәрізді тұтқасы бар. Құмыраның беріктігін арттыру үшін ол арнайы күйдіріліп, күнделікті тұрмыста әртүрлі мақсатта пайдаланылған.

 

Онгондар. Ерте орта гасырлар.

Онгондар – ерте орта ғасырлар кезеңіне тән ғұрыптық мүсіндер. Бұл ерекше жәдігерлер Сарайшық қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында алғаш рет табылған. Олар қоладан құйылып, мұқият өңделу арқылы жасалған. Онгондар дүниеден өткен ата-бабаларға, жақын туыстарға немесе ата-аналардың рухына тағзым ету мақсатында қолданылған. Жәдігерлер ер және әйел адам бейнесінде жасалған. Онгондар адамдардың рухпен байланыс орнатуға деген сенімін білдіріп, ғұрыптық рәсімдерде ерекше орын алған.

 

Темір бұйымдары. Ерте темір дәуірі.

Ерте темір дәуірінен бастап адамзат темірді игеріп, оны тұрмысқа кеңінен қолдана бастады. Темірден жасалған құралдар мен бұйымдар күнделікті өмірде, шаруашылықта және қолөнерде маңызды рөл атқарды. Ортағасырлық Сарайшық қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұл жәдігерлер де темірден жасалған. Аталған заттар негізінен тұрмыстық мақсатта пайдаланылған пышақтар болған. Оларды қолдануға ыңғайлы ету үшін саптары ағаштан немесе сүйектен жасалған. Уақыттың өтуіне байланысты табылған темір бұйымдардың көпшілігі тат басып, кейбірінің ұшы мен жүзі сынған, ал ұстайтын саптары мүлде сақталмаған.

 

Құмыралар. Орта ғасырлар.

Орта ғасырлар кезеңіне жататын қыш құмыралар археологиялық қазба жұмыстары барысында көптеп табылып отыр. Бұл ыдыстар сол дәуірдегі қалалық мәдениеттің, тұрмыстық өмір мен қолөнердің дамығанын көрсетеді. Құмыралар негізінен су, тағам сақтауға және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған. Олар сапалы сары, қызыл немесе сұр түсті қыштан жасалып, арнайы пештерде күйдірілген. Пішіні жағынан шанағы көбіне шар тәрізді, мойны қысқа, ернеуі сәл қайырылған. Уақыт өте кейбірі жарылған не сынғанымен, көпшілігі жақсы сақталған.

 

Асық. Орта ғасырлар.

Орта ғасырлар кезеңіне тән асықтар археологиялық қазба жұмыстары барысында тұрмыстық және ойын-салттық бұйым ретінде табылып отыр. Асық — негізінен қой, ешкі сияқты ұсақ малдың асық сүйегінен жасалған, балалар мен ересектер арасында кең тараған ұлттық ойын құралы болған. Сонымен қатар асық кей жағдайда ғұрыптық мақсатта немесе ырым-тыйымдармен байланысты қолданылған. Табылған асықтар сол дәуірдегі адамдардың күнделікті өмірі, бос уақытты өткізу мәдениеті мен дәстүрлі дүниетанымы жөнінде мағлұмат береді.

 

Ау батырғысы. Орта ғасырлар.

Орта ғасырлар кезеңіне жататын бұл ау батырғысы тастан қашалып жасалған. Пішіні дөңес болып келеді, ортасында арқан немесе жіп өткізуге арналған тесігі бар. Мұндай батырғылар балық аулау кезінде ауға салмақ түсіріп, оны су түбіне батыру үшін пайдаланылған. Жәдігер арнайы өңделіп дайындалған, қималары көбіне сопақ немесе кесік конус тәрізді болып келеді. Сонымен қатар олардың пішіні мен көлемі жағынан әртүрлі нұсқалары да кездеседі.

 

Кыш ыдыс бөліктері. Орта ғасырлар.

Орта ғасырлар кезеңіне жататын қыш ыдыс бөліктері археологиялық қазба жұмыстары барысында жиі кездеседі. Бұл сынықтар сол дәуірдегі қыш өндірісінің дамығанын және тұрмыстық ыдыстардың күнделікті өмірде кеңінен қолданылғанын көрсетеді. Қыш бұйымдар негізінен арнайы иленген саздан жасалып, жоғары температурада күйдірілген. Табылған ыдыс бөліктері әртүрлі пішін мен көлемге ие: ернеу, түбі, тұтқа және қабырға сынықтары. Олардың түсі қызыл, қоңыр немесе сұр болып келеді.

 

Керамика сынықтары. Орта ғасырлар.

Орта ғасырлық керамика сынықтары әртүрлі пішін мен көлемде болады: табақ, ыдыс, құмыра немесе шығыр сияқты тұрмыстық құралдардың қалдықтары сақталған. Оларды жасау үшін арнайы қыш қолданылып, жоғары температурада күйдіріледі, сондықтан кейбір сынықтар ғасырлар бойы жақсы сақталған. Солардың бірі – қазба кезінде табылған ерекше керамика сынығы, ол ертеде су айдауға арналған шығыр ыдысының түбі болып табылады.

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Назар аударыңыз:

Сенбі, жексенбі және мереке күндері экскурсиялар

“Сарайшық” сапар орталығынан басталады.

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru

Сенім телефоны:

8 (7172) 25-23-97

+7 700 525 23 97