Бүгін “Сарайшық” этнографиялық музейінде ерекше рух пен ұлттық құндылыққа толы «Сарайшық – дала өркениетінің мұрасы» атты интерактивті көрме өтті. Кештің шымылдығы дәстүрлі «Ауылдың алты ауызымен» түріліп, жиналған қауымды бірден қазақы нақышқа бөледі.
Көрме барысында көрермендер жай ғана тамашалап қоймай, бағзы заманнан жеткен қолөнердің қыр-сырына қанықты: Ұршық иіру шеберлік сағаты: Ауылдың ұлағатты аналары Бәтен апа мен Кәлима апа ұршық иіріп, өнеге көрсетті. Бәтен апа жүн түту, оны шүйделеу және ұршыққа иіру әдістерін көрсетіп, табиғи жіптен тоқылған бұйымдардың адам денсаулығына пайдасын айтып берді.
Өрмек құру және алаша тоқу: Қонақтар киіз үй ішіндегі өрмек тоқу өнерімен танысты. Мәрия апа алаша тоқудың құпияларымен бөлісіп, шеберлік сағатын өткізді.
«Самаурын-батл»: Музей жәдігерлеріне жан біткендей болды! Келушілердің қолына жез құманмен су құйылып, шоқ самаурынның қайнаған ыстық шәйі ұсынылды.Бұл тағылымды кеш ауыл ақсақалы Темірболат ағаның ақ батасымен қорытындыланды.