Medieval Saraishyq - the capital of the Kazakh Khanate
RSPE State Historical and Cultural Museum-Reserve "Saraishyq"
Virtual tour

2020 жылы 4-5 шілдеде «Сарайшық - Сарай-Бату арасындағы керуен жолдарын зерттеу» археологиялық барлау экспедициясы ұйымдастырылды

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының» ғылыми-зерттеу экспедициясы жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, Сарайшық - Сарай-Бату қалалары арасындағы керуен жолдарын зерттеу мақсатында, 4-5 шілде аралығында Нарын құмы аумағына археологиялық барлау экспедициясын ұйымдастырды. Экспедиция құрамына тарихшы ғалымдар, археологтар, аймақ тарихын жақсы білетін жергілікті өлкетанушылар Шеген және Тастай Неталиевтер енгізілді. Экспедиция тоқтаған алғашқы нысан, 1801 жылы Жайықтың оң бетіне қазақтарды көшірген Бөкей хан Нұралыұлының Жалтыр көлі жағалауына алғаш қоныстанған жері, тастан салдырған үй-жайының орыны, осы жердегі төбе басына жерленген ханның анасы Аққолтықтың зираты болды. Қазіргі кезде Шеген Неталиевтің бастамасымен Жалтыр көлі жағасындағы Бөкей ханның ордасы орнына ескерткіш белгі қойылған. Жергілікті жердің азаматтарының айтуынша, өткен ғасырдың 80-жылдары үйлердің кірпіштері бұзылып, «Чапаев» совхозының құрылыстарына пайдаланылған екен. Осылайша, кеңестің кезеңде тарихымыздың маңызды ескерткіші қолдан жойылған. Хан ордасы орнында, үй-жайлардың ақ түсті қатты тау жынысты іргетас кірпіштерін байқауға болады. Тарихи ескерткіштің жобасы сызылып, сипаттамасы жасалды, фотосуреттерге түсірілді. Географиялық координаты анықталды.

Алдағы кезде Жалтыр көлі жағасындағы Бөкей хан ордасына қатысты архивтерден мәліметтер іздеу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Ал «Бөкей шешесі» қорымы орналасқан төбеде де зерттеу жұмыстары жалғасты. Драматург жазушы, шежіре зерттеуші Берік Қорқытовтың зерттеуінше Бөкей ханның анасының есімі - Аққолтық деп анықталған. Бұл туралы журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы да өз зерттеуінде жазған.

Бір өкініштісі, тарихымыздағы беделді тұлға Бөкей хан Нұралыұлын дүниеге әкелген ананың жерленген жері қазіргі кезде жоғалуға айналған. Оны сақтап, басына ескерткіш белгі қою маңызы, қорғауға алынған ескерткіштер тізіміне қосып, құжаттарын жасақтау қажет. 

Ғылыми-зерттеу экспедициясы Нарын құмына ішкелей еніп, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылынан солтүстікке 70 шақырым жердегі қалпе Байғазы әулеті жерленген зиратқа бас тіреді. Зиратта ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап 1922 жылдарға дейін елді сауаттандырумен айналысқан, Обалы және Орпа елді мекендерінде мешіттер ашқан Байғазы ұлдары Қабдолла, Кәкімбек, Бақсиық, олардың бауырлары Батырбек, Қаби жерленген. Бүгінде Орпадағы мешіт, медреселердің орны жоғалған. Қабдолла, Кәкімбек, Бақсиық Байғазыұлдарының құжаттары Башқұртстан Республикасының Уфа қаласындағы архивтен табылды. Бұл кісілердің ұрпақтарында Кәкімбек Байғазыұлының фотосуреті сақталған. 1870 жылы Астрахан кеңсесінде толтырылған анықтамада «Құлкеш руында 1 жұма мешіті, 1 медресе бар. Жұма намазын беретін 1 имам. Каспий теңізі жағасында. 15 ер адам, 1 медресе, 30 оқушы тіркелген» деп жазылған екен.

Экспедиция мүшелері 3 шілдеде Орпа құмы ішіндегі Әзмұхан зиратында, онда жерленген тарихи тұлғалар бейітін іздестірумен айналысты. Әзмұханның мазары 1945 жылы тұрғызылған болса керек. Кезінде сапалы тұрғызылғанымен бүгінде жауын-шашыннан мүжіліп жойылғалы тұр. Ұрпақтары зиратты қоршаған. Өлкетанушы Шеген Неталиев Әзмұханның  Атырау облысына белгілі азамат, ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиевтың аталары екенін ескертті. Елде сақталған шежірелер бойынша Әзмұханның атасы Төлен зергер болған. Оның Санктъ-Петербургке баратын Жәңгір ханның тапсырмасымен патшаға сый ретінде ер-тұрман әзірлегені, бұл ер-тұрманның бүгінде Санктъ-Петербургте Эрмитажда тұрғаны туралы айтылады. 2000 жылы атадан балаға жалғасып келе жатқан көріктің соңғы иесі Әзмұханның ағасы Қалмұқан зергер. Бұл көрікті мәдениет саласының ардагері Абат Кенжеғалиев пен ұстаның немересі Ә.Тұқпатұлы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне табыстаған. Зергер Төленнің қысқы қыстауы теңіз тамағында, қазіргі Аққыстау ауылының оңтүстік-батыс бетінде болыпты, ал жазда жайлауға Тұщықұдыққа көшеді екен. Сол Тұщықұдықта «Қамысты қызыл», «Ала ит өлген» деген үлкен шағылдардың оңтүстік батысына қарай «Төлен шоқылары» деген жер атауы кездеседі. Осы Әзімхан зиратынан солтүстікке қарай Итен әулие зираты бар. Итен әулие емшілігімен, көріпкелдігімен аты шыққан тұлға. Жолдың алыстығына қарамай адамдар әлі күнге дейін Итен әулие басына түнеуге келеді.

Ғылыми-зерттеу экспедициясы барған тағы бір ескерткіш Елекен обасы. Елекен обасы алыстан байқалатын биік жерде, басына триангуляциялық белгі орнатылған. Тастай Неталиевтың хабарлауынша «қауымда жас бала жатыр. Ол оқыстан қаза болған. Бай әкесі оны есте сақтау үшін 80 түйемен алыстан тас алдырытып арнайы биік етіп үйгізген». Сонымен бірге Тастай Неталиев шежіреші Қапиз Мұқтаровтың «Мен Орпада туып өстім. Ел ішіндегі қарттардың Елекеннің қалмақ ханының баласы екенін, оның жастай қайтқанын және ханның баласына арнап қорған салғанын талай естігенмін» деп естелік айтатынын да жеткізді.  Құм ішін барлау кезінде Тастайдың ұлдары Шыңғыс пен Қасымхан сармат тайпасына тиесілі қола жебе тауып, экспедиция мүшелеріне тапсырды.

 

Work schedule

Monday/Sunday: 09:00-18:30

No lunch / days off

Feedback

Tel/Fax:+7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru