Нашар көретіндерге арналған нұсқа:
SaraishyQ
Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК

Ұлағатты ұстаз

4 желтоқсанда тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар бір топ сыныптастарымен бірге, алғашқы ұстазы Қаламқас Нысанқызы Құмарованы мерейлі 70 жасымен құттықтады. Қаламқас Нысанқызы 1971 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, Сарытоғай орта мектебіне ұстаз болып келген болатын. Шәкірттері апайдың алғашқы берген дәрістерін, өмірлік сабақтарын еске түсірді. Қаламқас Нысанқызы Сарытоғай орта мектебінен кейін, Атырау қаласындағы №19 мектепте 68 жасқа дейін еңбек етіп, зейнетке шықты. Қаламқас Нысанқызының ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Ол 1982 жылдың 21 қыркүйегінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», «Әдіскер ұстаз» атағына қол жеткізді. Апай педагог мамандарға аса қажетті ғылыми-практикалық ақыл-кеңестерін аяған емес. Оқу-әдістемелік, тәрбиелік бағытта 30-дан аса мақаласын облыс, республикалық баспасөз беттеріне жариялаған. Олардың ішінде «2-ші сыныпқа арналған бақылау жұмыстары» (1997), «Әліппеден үйрену» (Диктанттар жинағы, 1999) үлкен сұранысқа ие болды. Кездесу барысында облыстық мұғалімдер кәсіподағының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қылышбай Сүндетұлы апайдың білім саласына сіңірген мол еңбегін атап өтіп, Атырау облыстық ардагерлер кеңесі Төралқасының шешіміне сәйкес «Халық қаһарманы және қоғам қайраткері, офицер-ұшқыш Хыйуаз Доспанова» атындағы медальмен марапаттады.