Тасоба мекеніне сапар
Атырау облысындағы алтынорда кезеңінің ескерткіштерін атағанда, жұрттың аузына алдымен Сарайшық, Ақтөбе қалалары, Таскешу керуен-сарайы түсетіні анық. Бірақ облысымызда одан да басқа алтынордалық ескерткіштер баршылық. Сондай ескерткіштердің бірі Индер ауданы аумағында орналасқан Тасоба мекені деп аталады. Ел аузында айтылатын әңгімелер бойынша бұл жерде Алтын Орда мемлекетінің дамыған заманында сауда қалашығы болған десе, біреулер қалмақ тайшысы Аюке ханның мекені болған екен дейді. Тасобаны 2007 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы зерттеп, ескерткіш орнында 3 бақылау шурфтарын қазған. Сол кезде ғимараттың еденіне төселген қыш кірпіштер ганч ерітіндісімен бекітілгені белгілі болды. Ескерткіш мерзімін XIII-XV ғасырлар деп белгілеген. Содан кейінгі уақытта бұл тамаша ескерткіш тарихшылар тарапынан зерттелген емес.
Жақында Тасоба мекені ескерткіш орнында «Сарайшық» музей-қорығының археологтары барлау-бақылау жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстар барысында анықталғаны ескерткіштің беткі қабатында XIV ғасырға тән алтынордалық қыш кірпіш сынықтары, қызыл түсті және сырлы қыш ыдыстың сынық бөлшектері шашылған. Қыш кірпіш көлемі 25,5х25,5х6 см. Метал ыдыс сынықтары мен шыны сынықтары табылды. Шығыр сынықтары жатқаны, мұнда су диірменінің жұмыс жасағанын байқатады. Қытай фарфоры тәріздес селадон ыдыс сынығы да табылды, мұның бәрі бұл жерде Ұлы Жібек жолы сауда қатынасына қатысы бар елді мекеннің болғанына куә. Сарайшыққа келген сауда керуендері тек екі бағытқа емес, дүниенің төрт тарабына бағыт алғанын зерттеушілер жазып жүр. Жайықты бойлап солтүстікке бағыт алған керуендер Тасобаға аялдайтын болса керек. ХVІІ ғасырда осман саяхатшысы Эвлия Челеби Жайық өзенін бойлап жүзгенде, өзен жағалауы бойында жүздеген қалалар болғанын жазады, олардың кейбірінің атауын да келтірген. Сол қалалардың бірі Тасоба ескерткіші болса таң қалмаймыз.




