Нашар көретіндерге арналған нұсқа:
SaraishyQ
Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК

“Солдат сағынышы” атты шара өтті

“Солдат сағынышы” атты шара өтті

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Ұлы Жеңістің 76 жылдығына арналған Махамбет аудандық әкімдігі, «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігі және «Сарайшық» мәдениет үйімен бірлесіп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгер Сапарғали Мұқаловты еске алуға арналған «Солдат сағынышы» атты шара өткізді.

2020 жылы 28 қазанда ресейлік «Переправа» іздестіру-зерттеу жасағы жауынгер Мұқалов Сапарғали Ербатырұлының сүйегін тауып, мүрде кейін туған жеріне Қазақстанға жеткізілді. Сапарғали Ербатырұлы 1920 жылы Сарайшық ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Чита қаласына әскер қатарына шақырылды. 1941 жылы 16-шы Армия құрамында 5-ші механикаландырған корпустың 13-ші танк дивизиясы құрамында фашистерге қарсы соғысады. Сол жылы 21 жасар жауынгер Смоленск үшін болған шайқаста қаза тапты. 2020 жылы 28 қазанда Смоленск облысының Кардымовский ауданында Максимова Наталья Геннадьевна басқаратын «Переправа» іздестіру-зерттеу жасағы жауынгер сүйегін тауып, солдат медальонындағы «ҚазақКСР Гурьев облысы, Баксай ауданы, Сарайшық ауылы Ербатырова Рахимаға жіберсін» деген жазба бойынша ұрпақтарын іздестіріп тауып, жауынгер сүйегінің елге оралуына себепші болды. Өткізілген шараға майдангердің ұрпақтары және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ризуанов Қатимолла Ризуанұлы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Өтешов Мұрат Сақтайұлы, майдангер сүйегін табуға себепші болған «Былина» орыс этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Короблев Андрей Александрович, «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Үмбеталиев Марат Қуанышұлы қатысып, өз лебіздерін білдірді. «Сарайшық» музей-қорығы қорына өткізілген жауынгер сүйегімен бірге табылған жеке заттарынан шағын көрме ұйымдастырылды. 80 жылдан соң туған жеріне оралған сарбаз Сапарғали Мұқаловты ұлықтау шаралары өз жалғасын таппақ. Жақын күндері жауынгердің есімі Атырау қаласында Жеңіс саябағындағы мемориалдық тақтаға жазылып, анасы Рахиманың жанынан мәңгілік мекен тапқан бейітіне ескеркіш орнату жоспарланып отыр.