Сарайшықта «Музей түні – 2026» мәдени кеші өтті

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай көне Сарайшықта дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Кеш барысында қонақтар театрландырылған экскурсияларды тамашалап, этношоу-концерт, ұлттық киімдер көрсетілімі, ұлттық ойындар, қолөнер көрмесі мен суретшілер пленэріне куә болды. «Ұлы Дала жаңғырығы» этношоу-концерті, «Батырлар алаңы» спорттық сайыстары және «Түркі халықтарының тарихи-мәдени ортақтығы» халықаралық онлайн көрмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Іс-шараның ашылу салтанатында Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Махамбет Аманқосұлы Ербөлек, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты бойынша проректоры Ләйлә Ерболатқызы Қойшығұлова және «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы Амангелді Жеңісұлы Жұмабаев құттықтау сөз сөйлеп, музей қызметкерлері мен қонақтарды Халықаралық музейлер күнімен құттықтады. Сондай-ақ шараның жоғары деңгейде өтуіне белсенді атсалысқан азаматтарға арнайы Алғыс хаттар табысталды.
Мәдени кеш аясындағы түнгі экскурсиялар келушілерге ерекше әсер сыйлап, көне Сарайшықтың бай тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік берді.
«Музей түні – 2026» мәдени-танымдық іс-шарасының жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалысқан Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымына және Махамбет ауданы әкімдігіне шынайы алғысымызды білдіреміз.
Бірлескен еңбектің нәтижесінде ұлттық тарихымыз бен мәдени мұрамызды дәріптеген тағылымды кеш көпшілік көңілінен шығып, ерекше рухани әсер сыйлады.




