«Сарайшық – Сарай-Бату арасындағы керуен жолдарын зерттеу» археологиялық барлау экспедициясы
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының» ғылыми-зерттеу экспедициясы жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, Сарайшық – Сарай-Бату қалалары арасындағы керуен жолдарын зерттеу мақсатында, 2-3 шілде аралығында Нарын құмы аумағына археологиялық барлау экспедициясын ұйымдастырды. Экспедиция құрамына тарихшы ғалымдар, археологтар, аймақ тарихын жақсы білетін жергілікті өлкетанушылар Шеген және Тастай Неталиевтер енгізілді. Экспедиция тоқтаған алғашқы нысан, 1801 жылы Жайықтың оң бетіне қазақтарды көшірген Бөкей хан Нұралыұлының Жалтыр көлі жағалауына алғаш қоныстанған жері, тастан салдырған үй-жайының орыны, осы жердегі төбе басына жерленген ханның анасы Аққолтықтың зираты болды. Қазіргі кезде Шеген Неталиевтің бастамасымен Жалтыр көлі жағасындағы Бөкей ханның ордасы орнына ескерткіш белгі қойылған. Жергілікті жердің азаматтарының айтуынша, өткен ғасырдың 80-жылдары үйлердің кірпіштері бұзылып, «Чапаев» совхозының құрылыстарына пайдаланылған екен. Осылайша, кеңестің кезеңде тарихымыздың маңызды ескерткіші қолдан жойылған. Хан ордасы орнында, үй-жайлардың ақ түсті қатты тау жынысты іргетас кірпіштерін байқауға болады. Тарихи ескерткіштің жобасы сызылып, сипаттамасы жасалды, фотосуреттерге түсірілді. Географиялық координаты анықталды.
Алдағы кезде Жалтыр көлі жағасындағы Бөкей хан ордасына қатысты архивтерден мәліметтер іздеу жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Ал «Бөкей шешесі» қорымы орналасқан төбеде де зерттеу жұмыстары жалғасты. Драматург жазушы, шежіре зерттеуші Берік Қорқытовтың зерттеуінше Бөкей ханның анасының есімі – Аққолтық деп анықталған. Бұл туралы журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы да өз зерттеуінде жазған.
Бір өкініштісі, тарихымыздағы беделді тұлға Бөкей хан Нұралыұлын дүниеге әкелген ананың жерленген жері қазіргі кезде жоғалуға айналған. Оны сақтап, басына ескерткіш белгі қою маңызы, қорғауға алынған ескерткіштер тізіміне қосып, құжаттарын жасақтау қажет.




