Нашар көретіндерге арналған нұсқа:
SaraishyQ
Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК

«Сарайшық – Сарай-Бату арасындағы керуен жолдарын зерттеу» археологиялық барлау экспедициясы өз жалғасын тапты

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының» ғылыми-зерттеу экспедициясы 3 шілдеде Орпа құмы ішіндегі Әзмұхан зиратында, онда жерленген тарихи тұлғалар бейітін іздестірумен айналысты. Әзмұханның мазары 1945 жылы тұрғызылған болса керек. Кезінде сапалы тұрғызылғанымен бүгінде жауын-шашыннан мүжіліп жойылғалы тұр. Ұрпақтары зиратты қоршаған. Өлкетанушы Шеген Неталиев Әзмұханның Атырау облысына белгілі азамат, ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиевтың аталары екенін ескертті. Елде сақталған шежірелер бойынша Әзмұханның атасы Төлен зергер болған. Оның Санктъ-Петербургке баратын Жәңгір ханның тапсырмасымен патшаға сый ретінде ер-тұрман әзірлегені, бұл ер-тұрманның бүгінде Санктъ-Петербургте Эрмитажда тұрғаны туралы айтылады. 2000 жылы атадан балаға жалғасып келе жатқан көріктің соңғы иесі Әзмұханның ағасы Қалмұқан зергер. Бұл көрікті мәдениет саласының ардагері Абат Кенжеғалиев пен ұстаның немересі Ә.Тұқпатұлы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне ( Саек ) табыстаған. Зергер Төленнің қысқы қыстауы теңіз тамағында, қазіргі Аққыстау ауылының оңтүстік-батыс бетінде болыпты, ал жазда жайлауға Тұщықұдыққа көшеді екен. Сол Тұщықұдықта «Қамысты қызыл», «Ала ит өлген» деген үлкен шағылдардың оңтүстік батысына қарай «Төлен шоқылары» деген жер атауы кездеседі.
Осы Әзімхан зиратынан солтүстікке қарай Итен әулие зираты бар. Итен әулие емшілігімен, көріпкелдігімен аты шыққан тұлға. Жолдың алыстығына қарамай адамдар әлі күнге дейін Итен әулие басына түнеуге келеді.