«Сарайшық – Сарай-Бату арасындағы керуен жолдарын зерттеу» археологиялық барлау экспедициясы
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» ғылыми-зерттеу экспедициясы Нарын құмына ішкелей еніп, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылынан солтүстікке 70 шақырым жердегі қалпе Байғазы әулеті жерленген зиратқа бас тіреді. Зиратта ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап 1922 жылдарға дейін елді сауаттандырумен айналысқан, Обалы және Орпа елді мекендерінде мешіттер ашқан Байғазы ұлдары Қабдолла, Кәкімбек, Бақсиық, олардың бауырлары Батырбек, Қаби жерленген. Бүгінде Орпадағы мешіт, медреселердің орны жоғалған. Қабдолла, Кәкімбек, Бақсиық Байғазыұлдарының құжаттары Башқұртстан Республикасының Уфа қаласындағы архивтен табылды. Бұл кісілердің ұрпақтарында Кәкімбек Байғазыұлының фотосуреті сақталған. 1870 жылы Астрахан кеңсесінде толтырылған анықтамада «Құлкеш руында 1 жұма мешіті, 1 медресе бар. Жұма намазын беретін 1 имам. Каспий теңізі жағасында. 15 ер адам, 1 медресе, 30 оқушы тіркелген» деп жазылған екен.




