«Сарайшық» музей-қорығында Қазақстан және Ресей ғалымдарының қатысуымен Ғылыми кеңес өтті

Бүгін, «Сарайшық» музей-қорығында кезекті Ғылыми кеңес отырысы өтті. Ғылыми кеңес отырысына археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Е. Пигарев (Қазан, Ресей), нумизмат, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор П. Н. Петров (Нижний Новгород, Ресей), археолог В. В. Плахов (Астрахань, Ресей), тарих ғылымдарының кандидаты Д. Талеев (Алматы, Қазақстан), тарих ғылымдарының докторы, профессор А. Сарсенов (Атырау, Қазақстан) қатысты.
Сонымен қатар, Ғылыми кеңес мүшелері – тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Ұ. Т. Ахметова, тарих ғылымдарының докторы Л. Бердіғожин, Атырау облысы білім саласына қатысты бірлескен кәсіподақтар төрағасы, тарих ғылымдарының докторы А. Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты М. Қасенов (Атырау, Қазақстан), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР үздік өлкетанушысы Т. Жаңабай, Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Т. Достыбаев, өлкетанушы С. Әуелбаев, Сарайшық ауылының ардагерлері Н. Құрмашев, Ғ. Тайыров және музей қызметкерлері қатысты.
Ғылыми кеңес отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды:
1. «Музей-қорықтағы ғылыми-зерттеу жұмыстары және олардың ортағасырлық Сарайшықты зерттеудегі басым бағыттары» – ғалым хатшы А. Жұмабаев;
2. «Музейдің материалдық-техникалық базасының қазіргі жай-күйі және оны жетілдіру жұмыстары» – қойма меңгерушісі Ж. Құрмашев.
Ағымдағы мәселелер бойынша:
1. «Музей-қорықтың халықаралық байланыстары» – бас қор сақтаушы О. Сағынбаева;
2. «Сарайшық» музей-қорығындағы жәдігерлерді қайта қалпына келтіру тәжірибесінен» – суретші-реставратор О. Кендір мәселелері көтеріліп, тыңдалды.
Ғылыми кеңеске қатысушылар Сарайшықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.




