Ортағасырлық Сарайшық мәселелері «Мирас» қоғамдық кеңесінде көтерілді
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің 2021 жылғы алғашқы отырысы өтті. Отырыста қоғамдық кеңестің 2021 жылғы жұмыс жоспары бекітіліп, облыста атқарылар маңызды мәселелер талқыланды. Кеңес мүшелері ортағасырлық Сарайшыққа арналып салынатын Сапар орталығы мен Қасым хан ескерткішінің маңызына ерекше тоқталды. Музей-қорық директоры, профессор Әбілсейіт Мұқтар 2021 жылы Сарайшықта атқарылар жұмыстарды атап өтіп, облыс әкімдігімен бірлесе жасалатын шараларға назар аударды. Сарайшық ұсыныстарын қолдаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры, профессор Саламат Идрисов «Тарихы мен мәдениетіне бай аймақ» тақырыбында өлкемізде жаңаша зерттелетін іргелі жобаларды көпшілік талқысына салды. Отырыс соңында кеңес төрағасы Әлібек Нәутиев кеңес мүшелерін нақты нәтиже беретін жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.




