Нұр-Сұлтан қаласындағы сәтті ғылыми кездесу

Нұр-Сұлтан қаласына іссапарымды пайдаланып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық биотехнология орталығында адамның популяциялық генетикасы зертханасының жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты, PhD Мақсат Жабағинмен кездестім.
М. Жабағин – отандық жас ғалымдарды, генетиктердің басын қосқан «қазақ ұлтының этникалық тарихы» жобасының ғылыми жетекшісі, ел үмітін артқан жас ғалымдарымыздың бірі. Біздің мақсатымыз, Сарайшықтағы соңғы зерттеулер: радиокөміртегі сараптамасынан соң, гендік зерттеулер жөнінде генетиктермен ақылдасу болатын. Осындай шешімге елге белгілі ғалым Зайнолла Самашев бағыттады. Жаныма жас болса да елге ізденістерімен таныла бастаған археолог, Сарайшықтағы ғылыми жобалардың мүшесі Айдын Жүнісхановты ерттім. Кездесу өте сәтті өтті. Алдымен лабораторияларды аралап, орталықтың жұмыстарымен, ғылыми жобалары, генетика саласындағы соңғы жаңалықтарымен таныстық. Соңында бірлесе жүргізілетін ғылыми зерттеулер барысында ой-пікірлер талқыланды. Өйткені, ортағасырлық Сарайшық материалдарына генетикалық зерттеулер бұрын жүргізілмеген-ді. Кездесу барысында жақын арада Атырау қаласында өтетін қазақтың біртуар тұлғасы Қасым ханға арналған конференцияда генетикалық мәселелер бойынша баяндама жасау туралы ұсыныс айттым. Сарайшықта алдағы уақытта тек археологиялық қазбалар ғана емес, ендігі уақытта өзге де салаларға бағытталған іргелі зерттеулер, тың жаңалықтар бола бермек.




