“Музейдің туризмді дамытудағы креативті мүмкіндіктері” тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының “Туризм және қызмет көрсету” салалық кеңесінің көшпелі отырысы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің “Сарайшық” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы” РМҚК ұйымдастыруымен “Музейдің туризмді дамытудағы креативті мүмкіндіктері” тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Кіріспе сөзді “Сарайшық” музей-қорығы директоры, т.ғ.д., профессор Ә.Мұқтар сөйледі. Дөңгелек үстел барысында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Н. Сүйінбаев кәсіпкерлерді жаңа бағытта жұмыс атқарып, этно бағытқа назар аударуға, музей мен кәсіпкер арасындағы байланысты жүйелеп жүргізуге тоқталса, Атырау облысы туризм мен кәсіпкерлік басқармасының басшысы Н.Жаңабеков өз тарапынан осы бағытта атқарылатын жұмыстарға қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді. Бұл тақырыптан туындайтын көптеген мәселелер дөңгелек үстелге қатынасып отырған кәсіпкерлер мен мамандарға да ортақ екені қызу талқыланудан көрініс тапты. “Нұрлы тал” этнопаркінің басшысы Г. Кузикенова, “Айткужин” ЖК өкілі М. Дингазиева, “Карат Тур” ЖШС өкілі Г. Латинова, қолөнерші М. Қайрошева, Атырау облыстық іскер әйелдер қоғамының басшысы М. Қалиева өз салаларындағы атқарып отырған жұмыстарына назар аударып, туындайтын кедергілерде бірігіп шешуге ықпал етілуін баса көрсетті. Болашақта шеберлер, қолөнершілер, кәсіпкерлер, музей мамандары болып жасалатын жұмыстар айқындалды. Қорытынды сөзде музей-қорық басшысы Ә. Мұқтар мен көшпелі кеңес төрағасы Г.Елешева ортақ істер атқарып, бұл бағытта түбегейлі өзгерістерге бет бұру қажеттілігін атап көрсетті.




