Қазіргі таңда “Сарайшық” музей-қорығының ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған «Алтынордалық Сарайшық, Ұшқан, Ащысай, Қарағайлы ескерткіштері тарихи-мәдени мұра контекстісінде (ХІІІ-ХV ғғ.)» бағдарламасының күнтізбелік жоспарына сәйкес ғылыми жетекші, т.ғ.д., профессор У.Т. Ахметова және аға ғылыми қызметкер, магистр А.Ж. Жумабаев Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Я. Гулямов атындағы Самарқанд археология институтының ғылыми кітапханасында және архивінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Институт директоры, PhD Муминхон Саидовпен, нумизмат, т.ғ.к. Шпенёва Людмила Юрьевнамен зерттеу жұмыстары туралы пікір алмасты. Ғылыми қызметкер Феруз Сухпанов институттың антропология зертханасы және археология ғылымына қажетті соңғы технологиялармен жабдықталған Оңтүстік Корея Республикасы Мәдени мұрасы қызметі басқармасы қолдауымен ашылған Археологиялық мұраны басқару, жәдігерлерді ғылыми реставрациялау және консервациялау орталығымен таныстырды. Бағдарлама мүшелері институт қорына “Сарайшық” музей-қорығының 2021-2023 жылдары орындаған «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» бағдарламасы аясында жарық көрген еңбектерді сыйға тартты.