2022 жылы 21 қыркүйекте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастыруымен Қазақстан және Ресейдің белгілі ғалымдарының қатысуымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» тақырыбында далалық семинар өтті.
Шараға археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Елеуов (Қазақстан, Алматы), тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қ. Мұқтар (Қазақстан, Сарайшық), тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Ұ.Т. Ахметова (Қазақстан, Атырау), нумизмат тарих ғылымдарының кандидаты, профессор П.Н. Петров (Ресей, Москва), археолог В.В. Плахов (Ресей, Астрахань), тарих ғылымдарының кандидаты М.С. Қасенов (Қазақстан, Атырау), этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ж. Ерназаров (Қазақстан, Орал қ.), археолог, өлкетанушы А. Тұрарұлы, археолог, магистр А. Жұмабаев, Ж. Байғалиев, Н. Жексенбаев және БАҚ өкілдері қатысты. Далалық семинар «Қазақстанның батыс өңіріндегі Алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» жобасы аясында, Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде жаңадан анықталған Қарағайлы мекенінде өтті. Жаңадан анықталған Қарағайлы ескерткішінің көлемі 1000х1000 метр. Ескерткіштен қыш ыдыс сынықтары, сәндік әшекей бұйымдар, мыс тиындар табылды. Семинар барысында ғалымдар мекенге байланысты мазмұнды ойларымен бөлісті. Мысалы, археологтар М.Елеуов және В.Плахов бұл аймақта сауда жолы бойында үлкен мекен болғандығын айта келе, табылған ғимарат кесене деген пікір білдірді. Сонымен қатар, нумизмат П.Петров сол жердің өзінде табылған тиындарға байланысты бастапқы пікірін білдірді. Оның пікірінше тиындар Өзбек хан кезіне жатады. Археолог М.Қасенов "бұл аймақта Сарайшықтан басқа күйген кірпіштен жасалған осындай кешен алғаш кездескенін" айтты. Жиын соңында ғалымдар анықталған мекенді зерттеу, сақтау және қайта қалпына келтіру туралы пікірлер айтты.