2021 жылғы 12 сәуір – ғылым саласы қызметкерлері күні "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ІІІ "Туған өлкені зерттеу: оның маңызы және басым бағыттары" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізді. Шараға Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан тарихшы, филолог ғалымдар, музей және білім саласының қызметкерлері, магистранттар мен студенттер қатысты. Конфенцияны «Сарайшық» музей-қорығы директорының орынбасары А.Тұрарұлы жүргізді. Баяндамашылар: М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті, ҚР тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Альфия Байбулсинова «Қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш қайраткерлері туралы деректер» баяндамасымен, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры, ф.ғ.д. Жұманазар Асан «Ақсақ Темір және түркі әлемі» баяндамасымен, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, тарих магистрі Динара Арынова «Алтын Орда дәуіріндегі қазақ жерінде дамыған жазба мәдениет» баяндамасымен, М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Дарын Қасенов «Ұлы Жібек жолы бойындағы Жетісудің ортағасырлық Қойлық қаласы (VIII-XIV ғғ.)» баяндамасымен, Атырау облысындағы жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Светлана Қойшекен «Туған өлке тарихы бойынша оқушыларды ғылыми жоба жұмысына баулу» баяндамасымен сөз сөйледі. Конференцияда Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов өз зерттеуі нәтижесінде "Үш қиян" толғауының авторы деп М.Өтемісұлын атауды ұсынды. Сөз соңында т.ғ.д, профессор Ұлжан Ахметова музей-қорықтағы ғылыми жоба туралы айттып берді. Сонымен қатар баяндамашыларға сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасулар болды.