Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК

«Ұлы Дала мұралары: тарихы және бүгінгі мәселелері» атты дөңгелек үстел

2020 жылы 22 мамырда "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау мәселелерін талқылау мақсатымен «Ұлы Дала мұралары: тарихы және бүгінгі мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді Іс-шара онлайн форматта, «Zoom» қолданбасы арқылы ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге еліміздегі ескерткіштанушы мамандар, тарихшылар, археологтар, өлке тарихын зерттеуге қызығушылық танытқан ғаламтор желісін қолданушылар қатысты. Дөңгелек үстел ашылуында «Сарайшық» музей-қорығының директоры т.ғ.д., профессор Әбілсейіт Мұқтар алғысөз сөйледі. Дөңгелек үстелдің модераторы директор орынбасары, археолог Айбек Тұрарұлы болды. Нұр-Сұлтан қаласынан қатысушы ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Phd докторы Айбар Ерланұлы Қасеналин «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, сақтау және насихаттаудың кейбір өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, 2019 жылы желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңын дайындау барысындағы кейбір аспектілерге тоқталып, жалпы еліміз бойынша ескерткіштердің жай-күйінен хабарлама берді.
«Сарайшық» музей-қорығының археологы Мир Қобланұлы Әбдіғалиев «Ортағасырлық Сарайшық жаңа заң аясында» тақырыбындағы баяндамасында ортағасырлық қалаға қатысты заң талаптарының маңызы, олардың орындалу жолдары туралы баяндап берді. Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының сәулет және археология бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Абызұлы Құлбаев Маңғыстау өңіріндегі Алтын Орда кезеңінің ескерткіштері туралы баяндап, олардың сақталу дәрежесі, пайдалану жолдары, насихатталу туралы мағлұматтар берді. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, археолог Аслан Мәлікұлы Мамедов «Ақтөбе өлкесінің тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, сақтау мәселелері» баяндамасымен өлке ескерткіштерін таныстыра отырып, оларды зерттеудегі жетістіктер туралы айтты. Әсіресе ғұн, түркі кезеңі ескерткіштерін зерттеудегі жаңа ашылулар туралы ерекше тоқталып өтті.
Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Толқын Маханбетұлы Жолдасов «Алтын орда және Түркістан» баяндамасында нумизматикалық материалдарды зерттеудегі жетістіктер, Түркістан оазисіндегі Жошы тиындарының табылуы, олардың зерттелуі жөнінде айтып берді. Атырау облысы Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының археологиялық ескерткіштерді қорғау секторы меңгерушісі Фархад Жолдасұлы Байдаулетов «Тарихи-мәдени мұраны қорғау заңы жөнінде» баяндама жасап, жаңа заңдағы ерекшеліктерден мәліметтер берді. Заң талаптарының жауапкершілігі турасында түсіндіріп өтті. Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі археология ғылыми-зерттеу секторының маманы Баубек Сұлтанбекұлы Жұмабаев Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандарының зерттелуі жөнінде баяндама жасап, табылған жәдігерлердің сипатын, реставрациялық-реконструкциялық нұсқалары жөнінде әңгімеледі. Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қала құрылысы және сәулет ескерткіштерін қорғау секторының маманы Рысгүл Асхатқызы Қатарова «Атырау облысының тарихи және мәдени ескерткіштері» баяндамасында облыс аумағындағы ескерткіштер түрлерін сипаттап, олардың жай-күйінен ақпараттар берді. Дөңгелек үстелде қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныстар айтылды.

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru