2020 жылғы 5 наурызда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Махамбет ауданы әкімдігі бірлесе, 8 наурыз - Әйелдердің Халықаралық күнін мерекелеу аясында «Ұлы Дала ханымдары және ұрпақтар сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өткізді. Шара Махамбет кентінде аудандық кітапхана ғимаратында мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілді. Жиын модераторы - Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлфайрус Төлегенқызы Төлегенова. Дөңгелек үстелді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мардан Жұмахметұлы Сейтқалиев ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтап, әйелдердің қоғамда атқарып отырған зор үлесіне тоқталып өтті.«Сарайшық» музей-қорығы директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы аудан әкімдігі мен музей-қорық арасындағы іскерлік байланыстарға тоқталып, тарихымыздағы аттары аңызға айналған әйелдердің өнеге тұтар істерін, қазақ қоғамындағы әйелдердің орнының ерекшелігін айтты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Ұлжан Ахметованың «Қазақ тарихындағы Бопай ана» баяндамасы Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымның тұлғасын жоғары бағалауға арналған. Бопай ананың образын жас ұрпаққа насихаттау қажет екеніне назар аудартты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректор аппаратының жетекшісі Гүлфайруз Қайырғалиева «Фатима тоташ» баяндамасында Жәңгір ханның жары Фатима ханша туралы мәліметтер келтіріп, ханшаның озық білімді болғанына баса көңіл бөлді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы Нағима Сармурзина «Арынғазы ханның бәйбішесі Жақсы ханым» баяндамасында қазақ елін Ресей отарынан босатуды мақсат еткен Арынғазы ханның күрес жолынде бәйбішесі Жақсы ханымның ролі туралы айтты. Жақсы ханымның өмір жолын, тұлғасын насихаттай отыра, оны бүгінгі өмірмен сабақтастыра жас буынға үлгі етті. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі Орындық Сағынбаева «Сүйімбике атым, тегім ноғай...» баяндамасында Сарайшықта билік құрған Жүсіп бидің қызы Сүйімбике жайында қызықты деректер келтірді. Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлфайрус Төлегенова «Қазіргі қоғамдағы әйел ролі» баяндамасында комиссия жұмысымен таныстыра отырып, қоғамдағы нәзік жандылардың белсенділігін атап өтті. Жиында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жібек Шамалиқызы Мұғауова, Ұлы Дала ханымдары өнегесінің замандас қыз-келіншектермен сабақтастығын насихаттауға баса назар аударды. Шара соңында Махамбет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Нұрғали Аруев құттықтау сөз арнап, аудан өнерпаздары Перизат Жазылбекқызы, Қайрат Жұмашев, Өмірбек Нәжімеденов, Айгүл Нұрмұханова қөрермендерді әсем ән мен күмбір күйге бөледі.