2020 жылы 28 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Алтын Орданың 750, Қасым ханның туғанына 575 жыл, Қазақ хандығының 555 жылдығына орай «Сарайшық – Ұлы Дала мұраты: мемлекеттілік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстел өткізілді. Жиынға ҚР Парламенті депутаттары, Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, отандық тарихшы-ғалымдармен қатар АҚШ, Ресей елдерінен ғалым-зерттеушілер, БАҚ өкілдері қатысты. Олардың қатарында Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев, белгілі ғалымдар Хангелді Әбжанов, Зайнола Самашев, Бүркітбай Аяған, Нұрлан Атығаев, Юлай Шамилоғлы, Вячеслав Плахов және т.б. бар. Іс-шараның мақсаты - Алтын Орданың 750, Қазақ хандығының 555 жылдығына және Қасым ханның туғанына 575 жыл толуына орай Жошы Ұлысының рухани астанасы, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласының әлемдік тарихтағы орнын айқындау, ол арқылы ортағасырлық Сарайшық қаласын қалпына келтіру, туристік аймаққа айналдыру. Дөңгелек үстелде Алтын Орданың рухани астанасы Сарайшықтың тарихи маңызы, археологиялық зерттеу нәтижелері, табылған нысандарды қайта қалпына келтіру мәселелері, архивтік деректер бойынша зерттеулер қорытындысы баяндалды, Сарайшыққа ордасын тіккен Қасым ханның тарихи орны сараланды.