29 қарашада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, академик, ұлттық археологияның негізін салушы Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай «2024 жылғы археологиялық зерттеу жұмыстары: оның барысы және алғашқы нәтижелері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция модераторы «Сарайшық» музей-қорығы директорының орынбасары Жанар Диярова ашылу сөзін сөйледі.
Ғылыми шарада «Сарайшық» музей-қорығының бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлы «Қарағайлы қалашығында жүргізілген археологиялық зерттеулер», М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, философия докторы (PhD) Дарын Сагидуллаев «Новые памятники Золотой Орды в Западно-Казахстанской области», Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, археолог Амангелді Зайнов «2024 жылы Ащысай елді-мекенінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері», Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдаулетов «Атырау облысы аумағына жүргізілген этноархеологиялық зерттеу жұмыстары барысында белгілі болған кейбір жер атауларының аталу негіздері», «Сарайшық» музей-қорығының ғалым хатшысы Амангелді Жұмабаев «Сарайшық аумағындағы пәнаралық зерттеулер: алғашқы нәтижелер», «Сарайшық» музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, археолог Жүніс Байғалиев «2024 жылы ортағасырлық Сарайшық қаласындағы №6 археологиялық қазба орнында жүргізілген қазба жұмыстары: жаңалықтар мен нәтижелер» тақырыптарында баяндама жасады.
Конференция барысында 2024 жылы жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері, қазба методологиясы, зерттеудегі өзекті мәселелер, қазба орнының консервациясы, археоэтнографиялық зерттеулер нәтижелері талқыланды. Конференцияға қатысушы тарихшы студенттер өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Шараға ғалымдар, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих мамандығына оқып жатырған студенттер және музей-қорық қызметкерлері қатысты.