Шілде-қыркүйек айларында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалы-нысаналы қаржыландыруы арқылы «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» жобасы негізінде Махамбет Исатай аудандары аумағында далалық барлау-бақылау жұмыстарын жүргізді. Музей-қорығының археологиялық экспедициясы жоба жетекшісі Ұ.Ахметова мен жоба мүшелері бірнеше жаңа археологиялық нысандарды анықтап, олар туралы ақпараттар беретін жәдігерлерді жинады. Сарайшықтан Алтын Орда астаналарына жүретін екі бағыт бойынша барлау-бақылау жұмыстары нәтижесінде бұрын анықталмаған Канал тұрағы, Шойтас тұрағы, Ащысай 1 тұрағы, Ащысай 2 тұрағы, Бурабай тұрағы Көздіқара тұрағы және Ащысай мекені анықталды. Сондай-ақ бұрын анықталған Тасоба қорымы, Жалтыр көлінің солтүстік беті, Қызылүй қоныстары тексерілді.