«Сарайшық» музей-қорығы ғылыми қызметкерлері 2021-2023 жылдарға арналған «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» жобасын жүзеге асыру мақсатында ортағасырлық Сарайшық қаласы орнында тамыз-қыркүйек айларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Жобаның жетекшісі, т.ғ.д., профессор Ұ.Т. Ахметова. Қазбаға музей-қорық археологтары А. Тұрарұлы, А. Жұмабаев қатысты. Жоба мақсаты - ортағасырлық қаланың Ұлы Жібек жолындағы атқарған ролін жаңа деректермен толықтыру. Археологтар ескерткіш орнындағы 2019 жылы басталған №3 қазбадағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырды. Қазба алаңының жоғарғы мәдени қабатында 2019 жылы анықталған жерлеу, тұрғын үй құрылыстары қалдығын тазартып төменгі мәдени қабаттарды зерттеуді қолға алды. Топырақтың төменгі қабатынан ғимарат қабырғалары, бөлмелер анықтала бастады. Қазбаның жалпы аумағы бастапқыда 300 шаршы метрді құраса, жұмыстар барысында қазба алаңы солтүстік бағытқа кеңейіп, жалпы аумағы 325 шаршы метрді құрады.