«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Әжемнің сандығынан шыққан...» жобасы аясында Сарайшық ауылының тұрғыны, қолөнерші Қалығыз Ғилажқызы Көшкінбаеваның шеберханасына қонаққа барды.
Зейнетке шыққалы қолөнерге бет бұрған Қалығыз апа ұлттық құндылығымызды ою-өрнектер арқылы насихаттап жүрген шебер. Оның қолынан шыққан заманауи тұскиіздер сан сырлы ою-өрнектермен нақышталып, шашақтармен көмкерілген, тұмарлар тағылған. Бесік жасауынан бастап, қыз жасауына дейінгі ұлттық нақышта даярланған әрбір бұйымы көздің жауын алады. Одан өзге қолы босаса, немерелерінің көңілін табуға тырысады. Бірінің сынып сағатына қажет киімін тіксе, бірінің туған күнге апаратын сыйлығын қолдан жасап, бірге әсемдеуге көмектеседі. Шебердің туындыларының ішінде көздің жауын алатын әкесі Ғилаж бен анасы Кәлимадан қалған басқұр мен теген. Өз тарапынан тозған жерін бүтіндеп, әсемдеп қойған асыл мұра төрден орын алған. Қалығыз апаның бір ерекшелігі өзі жасаған бұйымдарының шеберлік сыныбын таспаға басып, қажет кезде немерелеріне, түрлі сайыстарға қатынасқанда ұсынуы. Көптеген қолөнершілер сайысынан жүлделі орын алды. Сарайшық музей-қорығы Қалығыз апамен біріккен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.