Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Сарайшық» сапар орталығына келушілерді қабылдауды автоматтандыратын заманауи жүйе орнатылды.
Сапар орталығының музейге кіреберіс бөлігіне турникет жүйесі іске қосылып, QR-билет арқылы келушілерді тіркеу және өткізу мүмкіндігі енгізілді. Сонымен қатар нысанда келушілер ағынын бақылауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бейнебақылау жүйесі орнатылды.
Жаңа жүйе музейге келушілерді қабылдау үдерісін реттеуге, билет тексеруді автоматтандыруға, келушілер санын нақты есепке алуға және нысандағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық технологияларды енгізу – музей қызметін заманауи талаптарға сай жетілдірудің, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырудың және «Сарайшық» сапар орталығының инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды қадамы.










