2017 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен табылған 1861 жылы әскери топограф А. Алексеев жасаған Сарайшық қаласының сызба-картасында «Аулие-склеп» деп белгіленген нысанның орналасуы зерттеушілердің «Хан моласы» деп аталып жүрген ескерткішке айрықша назар аударуына негіз болды. Сонымен қатар, белгілі қоғам қайраткері Шоқан Қаржауовтың әкесі – Мырзағали Қаржауовтың жерленген орны да осы аумақпен сәйкес келетіні жөніндегі этнографиялық деректер қосымша дәлел ретінде қарастырылды. Аталған мәліметтер «Хан моласы» кешенін арнайы археологиялық зерттеу нысаны ретінде таңдауға негіз қалады.
Қазба жұмыстары нәтижесінде екі сағана анықталды. Нысандар шамамен 1,20 метр тереңдіктен анықталып, сағаналардың табаны жер бетінен 2,20 метр тереңдікте орналасқан. Екі сағананың да ауыз қуысы оңтүстік-батыс бағытқа қаратылған, ал кіреберіс дәліздері - дромостар сағана құрылысынан бөлек салынған. Сағаналардың ішкі қабырғалары ақ түсті алебастрмен сыланған, кірпіштерді біріктірген құрылыс ерітіндісі де алебастр негізінде дайындалған.
Екі сағанадан да көптеген адам сүйектерінің қалдықтары табылды. Алайда сүйектер анатомиялық ретпен сақталмаған, шашыраңқы әрі бір-бірімен араласып кеткен күйде анықталды. Бұл жағдай сағаналардың ерте кезеңде тонауға ұшырағанын және құрылыс кірпіштерінің әдейі бұзылып, алынғанын көрсетеді.
Қазба барысында бірқатар маңызды заттай деректер табылды. Олардың қатарында түймелік бекітпе (заклепка) үлгісіндегі мыс бұйымдар, темір белдік тоғалары, қалпақты шегелер, ағаш табыттың қалдықтары, сондай-ақ алтын және күміс жіптермен зерленген қызыл барқыт матаның фрагменті анықталды.
«Хан моласы» кешенінде археологиялық зерттеу жұмыстарын «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2020–2022 жылдар аралығында жүргізді.
Ал 2025 жылы «Қазқайтажаңарту» РМК тарапынан «Хан моласы» кешенінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ескерткішке қорғаныш жабындысы орнатылды.









