2021 жылғы 10 желтоқсанда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының "Алтын Орда жәдігерлері сөйлейді" атты жылжымалы көрмесі басталды. Көрме экспозициясында 2021 жылғы тамыз-қыркүйек айларында Сарайшықта жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған және Ұшқан қаласы, Ащысай мекендеріне жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде анықталған жәдігерлер, музей-қорық реставраторлары қайта қалпына келтірген жәдігерлері орын алды. Көрмені тамашалауға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты.