«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Кескіндеме кеңістігі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Шараның негізгі мақсаты – Қазақстан бейнелеу өнерін кеңінен насихаттау, музей қорындағы құнды туындыларды көпшілікке таныстыру, қылқалам шеберлерінің шығармашылығын дәріптеу және келушілерге рухани-мәдени тағылым сыйлау.
Көрменің ашылу рәсімінде «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы Амангелді Жұмабаев қатысушыларды құттықтап, шараға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Махамбет Орынғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, музейлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс хат табыстады.
Көрмеге қойылған туындылар арқылы келушілер бейнелеу өнерінің терең мазмұнына бойлап, суретшілердің шығармашылық әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.