ХХІ ғасыр ұрпағы терең білімді болған жөн
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын зор ықыласпен тыңдады.
Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауы жастардың білімге құштарлығын ояту тұрғысындағы мақсаттарды белгілеп отыр. Ол турасында жастардың ғылымға көңіл бөлетін кезі келгендігі, жас ғалымдарды қолдауға «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырғанын айтты. Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. «Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Президент.
Сондай-ақ, Жолдауда жастар мәселесі, табыс табу деңгейі, жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, экологиямен қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету саласын жақсарту, сандық технологияларды кәдеге жаратып, әлем елдерінің ұстанған басым бағыттарының бірі – цифрландыруды дамыту сияқты өзекті мәселелер қозғалған.
Қазіргі әлемдегі музейлер қызметінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыз алғаны байқалады. Музейлердің ғылыми-ағарту орталықтары ретіндегі орны өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда негізгі роль атқарады.
Президент Жолдауында: Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды деп атап көрсеткен.




