Нашар көретіндерге арналған нұсқа:
SaraishyQ
Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК

Қазақ хандығы тарихына қатысты іргелі еңбек жарық көрді

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» директоры Әбілсейіт Мұқтардың жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша «Қазақ хандығы құрылымындағы билер, батырлар, тархандар, жасауылдар, қожалар институттары: олардың қызметі және жойылуы (ХҮ-ХІХ ғ.)» жобасы үш жыл қорытындысында 3 монография, 1 кітап, 2 мақала Скопус базасына кіретін жоғары импакт факторлы шетелдік журналдарға, 3 мақала Ресейлік ғылыми сілтемелер индексі базасына енетін журналдарға, 10 мақала ҚР БжҒМ Бақылау комитеті тізіміндегі журналдарға, 24 мақала облыстық, республикалық, халықаралық конференцияларда жарияланды. Алдына қойылған мақсат-міндеттерін орындаған жоба нәтижесі Ғылым комитетінен лайықты бағаланды. Ең бастысы Қазақстан, Ресей архивтері деректері негізінде және бұрын жарық көрген ғылыми зерттеулерді зерделей жазылған «Қазақ Хандығы құрылымындағы билер, батырлар, қожалар, жасауылдар, аталықтар және тархандар институттары: олардың қызметі және жойылуы» атты монография Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан жарық көрді. Монографияны дайындауға республикаға белгілі ғалымдар, қазақ хандығы тарихы мамандары т.ғ.д., профессор Ұлжан Ахметова, т.ғ.д., профессор Аққали Ахмет, т.ғ.к., профессор Нұрлан Атығаев, магистр Амангелді Жұмабаев қатысты. Зерттеушілер біртұтас Қазақ хандығы тарихына, оның Абылай хан өлімінен соң толықтай Ресейдің отарлау аумағына алынғанына, хандықтағы Аға хан, кіші хандар институттарына, билер, батырлар, қожалар, аталықтар, тархандар институттарына айырықша назар аударып талдаған. Олар Абылай ханның орыс үкіметіне: «Менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар дүниеден өтті. Олардың ізін басқан маған хандық кезек келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үш Жүзі – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің хандары мен сұлтандары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып, 1771 жылы Түркістан қаласында мені үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді», – деген хабарының өзі қазақ тарихына жаңаша қөзқарасты қалыптасыратынын алға тартады. Монография мемлекеттегі әлеуметтік институттардың өзара байланысына, атқарған қызметтеріне, оларды дағдарысқа ұшырату барысындағы Ресей саясатына деректік талдаулар жасайды. Жақын уақытта монография республика кітапханаларына таратылады.

Сілтеме: https://www.facebook.com/1646633785349553/posts/3987033991309509/