Ғалымдар Сарайшық қаласы туралы сұхбаттасты
Бүгін музейге сарайшықтық ғалым, а-ш.ғ.д. Болат Мұхамбетов арнайы келіп ғылыми қызметкерлер құрамымен кездесіп, өзіндік әңгіме-сұхбат құрды. Жақында «Сарайшық» музей-қорығының Ғылыми Кеңесі құрамына кіруге келісімін берген Болат аға Биология, геоэкология және құрғақ жемшөп өндіру ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі боп қызмет атқарады. Ғалымның әңгімесінен ауыл шаруашылығынан бөлек тарихты да терең меңгергенін байқадық. Өзімен бірге бірнеше көне газеттердің қиындыларын жинақтап әкелген Болат аға Сарайшық тарихына, қазақ тарихына қатысты түйткілді мәселелерді талқылауда ғылыми пікірталас туындатып, ортаға ой тастап отырды. Сарайшықтың аңыздарында айтылатын Секер көлін, ел билеуші тұлғалар жерленген пантеон зерттеулеріне геология, топырақтану, минералогия салаларының жетістіктерін қолдану жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сұхбаттасу барысында бір кездері облыстың ауыл шаруашылығы ғылымының орталығы болған Сарайшықта ғылымның тарих, филология, биология, экология т.б. салаларын дамыту мүмкіндігі сараланды.




