Экспедиция мүшелері Құрманғазының әкесі Сағырбай қыстауына жетті
«Сарайшық» музей-қорығының археологиялық экспедициясы 6 қыркүйек күні Иманғазиев Ғарифолланың бастауымен Қошалақ елді мекенінен солтүстік-шығысқа қарай шамамен 35-40 шақырым қашықтықта орналасқан, қазақ күйінің атасы Құрманғазының әкесі Сағырбайдың қыстауына жетті. Біздің естуіміз бойынша Жүсіпов Қара есімді азамат өзінің жиені Қибашев Темірболатқа 1960-шы жылдардың шамасында Сағырбай қыстауының орны деп көрсеткен. Бұл жер Жиделі деп аталады. Ғаламтор желісінде Құрманғазы күйшіні Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде туып-өсті деген. Жиделі ауылдық кеңесі 1952 жылға дейін Жаңақала ауданына қарап келген. Құрманғазының қазіргі Атырау облысы аумағында дүниеге келгені ешқандай талас тудырмайды.
Қыстақ орнында ракета бөлшегінен белгі қойылған. Белгі алдағы күндері жоғалып кетуі мүмкін, сондықтан онда арнайы мемлекеттік ескерткіштің тақтасы орнатылғаны жөн. Сағырбай қыстауы мемлекеттік қорғауға алынып, келешек ұрпақ жадында ұмытылып қалмайтындай болуы тиіс.




