Экспедиция құрамы Кененбай үңгірінде болды
Сарайшық – Сарай-Бату қалалары арасындағы керуен жолын зерттеу экспедициясының мүшелері Құрманғазы ауданында орналасқан “Кененбай үңгірі” деп аталатын жерге келді. Айнала тегіс алқап осы жерде төменге опырылып, оның ішінде шағын шахта секілді үңгір пайда болған. Құрманғазылық Құттығали Нәбиев деген азаматтың айтуынша, ол жас кезінде әкесімен бірге Кененбай үңгіріне жиі барып тұрған. “…үңгір бөлмеде құпиялы заттар көп сияқты болды. Оған мені жібермеді, үңгірдегі дүние-мүліктің, жалпы оның құпия тарихын әкем бізге айтпады. Сендер баласыңдар, ондай әңгіменің керегі жоқ” деп тоқтатты. Бірақ артынан көп ұзамай Мәскеуден келген экспедиция мүшелері жарылыс жасады, нәтижесінде үңгірдің келесі бөлмесіне алып баратын жолды тас басып қалған” дейді. Кененбай үңгірі жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарына кірген. Мамандар үңгірді судың шаюынан пайда болған деп санайды. Тереңдігі 4 м, диаметрі 20 м, қабырғасы қатпарлы қатты жынысты тау тасы.
Кененбай үңгірін алғаш 1854 жылы геолог-минеролог И. Б. Ауэрбах зерттеген.
Соңғы кездері ресейлік спелеолог И. Головачев Кененбай үңгіріне зерттеу жүргізіп жүр. Әдетте таулы жерде кездесетін үңгірлерден біздің Атырау облысы аумағында 5-і бар.




