Бесікті обасына сапар
«Сарайшық» музей-қорығының экспедиция мүшелері «Сарайшық – Сарай-Бату» арасындағы керуен жолдарын зерттеу мақсатында Исатай ауданының тұрғыны Жақин Жұмажанның жол бастауымен Тұшықұдық селолық округіне қарасты Қызылүй ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 13 км қашықтықта орналасқан ерте темір дәуіріне жататын «Бәстікті» обасына барды.
Жергілікті өлкетанушы Шеген Неталиев, Жұмажан Жақиндер ресми құжаттарда «Бесікті» обасы деп жазылған ескерткіштің дұрыс атауы «Бәстікті» екенін айтты. Және жергілікті халық ертеден солай атайды. Олардың айтынша бұл ХХ ғасырдың бас жағында адам жерленген мола екен. 1970 жылдар шамасында басында көк тастан қойылған құлпытасы болғанын мысалға келтіреді. Молада жерленген адамның есімі Жиенбай. Ол ел аузындағы әңгіме бойынша таз руының биі Қойгелді Қожамбетұлының қызын айттыруға келіп, асау үйретуге бәс тігіп, мертігіп қайтыс болған деседі.
«Бәстікті» обасы алыстан байқалатын биік төбе, үстінде триангуляция белгісінің ізі бар. Экспедиция мүшелері «Бәстікті» обасы үстінен жел үрген құмнан ашылып қалған адамның бас сүйегін анықтады. Мәйіт ағаш табытқа жерлеген секілді. Жақин Жұмажанның айтуынша, биылғы жылы оба аумағында өрт болып, төбе үстіндегі жыңғыл, дүзгін секілді бұталар, шөптер жанып кеткен, Беткі қабаты жалаңашталып қалған оба үйіндісін құм ұшырып әкете бастаған. Жерленген мәйіттің топырақтан ашылып қалғаны секілді триангуляция белгінің іргетасы тұрбасы да 1,5 метрге жуық ашық тұр. Бұл ескерткіштің сақталып қалуына әсер етері сөзсіз.




