Байғазы әулеті тағылымы

Бүгін, Исатай ауданы, Аққыстау ауылындағы Исатай аудандық орталық кітапханасында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың Қазақстанның батыс өңіріне танымал тұлға, діни қайраткер Байғазы Мақашұлының өмірі мен әулет тарихына арналған «Байғазы әулеті» атты зерттеу еңбегінің таныстырылымы өтті.
Шараның ашылуында алғашқы сөзді еңбек авторы әрі модератор Әбілсейіт Мұқтар алып, қатысушыларды таныстырды. Құттықтау сөз сөйлеген Исатай ауданы әкімінің орынбасары Рашид Тасанұлы кітаптың жарық көруімен құттықтап, іс-шараға сәттілік тіледі.
Зерттеу еңбегіне пікір білдірген өлкетанушы Сәтқали Әуелбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлжан Ахметова, Исатай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұрат Бектенов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәди Өтеғалиев және тарихшы-өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов еңбектің архивтік деректер мен көнекөз қариялардың естеліктеріне сүйене отырып жазылған құнды зерттеу екенін атап өтті.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі Байғазы Мақашұлының ұлы Бақсиықтың туған жиені Бақыт Қамидоллақызы мен Байғазы Мақашұлының Батырбекұлы Мұқтардың келіні Сәуле Боранғалиқызына тапсырылды.
Таныстырылым соңында еңбек көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, авторға алдағы зерттеулеріне сәттілік тілегін білдірді.




