Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК
Виртуалды тур

"Секер көл" орнын іздеу жұмыстары

«Сарайшық» музей-қорығының ғылыми қызметкерлері 2022 жылы ел аузындағы аңыздарда айтылатын «Секер көл», «Алтын қайық» туралы тарихи деректер бойынша зерттеулер жүргізуді жоспарлаған болатын. Осы мақсатта зерттеу экспедициясы мүшелері танымал ғалымдар, көненің көзін көрген ақсақалдардан кеңес алып, сұхбаттар жүргізіп, көптеген сұрақтарға жауап іздеді. Алдымен, осы аңыз желісі тек Сарайшықта емес, көптеген алтынордалық қалаларға байланысты да айтылатыны анықталды. Сонымен бірге, Сарайшыққа қатысты нақты дәлел 1861 жылғы Сарайшықтың сызбасындағы «Хан көлі» аталған су қоймасының орны. Қазіргі кезбен салыстыра отырып бұл орын Ескі Сарайшық ауылының оңтүстік шетіндегі ойпаң келген жер екені анықталды. Ауыл аумағының кейінгі кезде өсіп, үлкеюіне байланысты көл орны құрғап, біршама тегістелген. Ол жерге тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттар салына бастаған. Қазіргі кезде де біраз аумағы жеке меншікте және мемлекеттік мекеме территориясы саналады. Ауылдың байырғы тұрғыны Г.Әміровтың айтуынша, ХХ ғасырдың 40-шы жылдарына дейін бұл жерде колхоз егінін суаратын арықтар болғаны, айналадағы биік жерлерде түрлі ғимараттар тұрған. Сонымен қатар, ғалымдар, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР Жер қойнауының құрметті барлаушысы, марқұм Нәсіпқали Сейітовтен, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетовтен, тарих ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Мұстафиннен кеңес ала отырып, жер қабатына шурф қазылды. Жер қабатын беткі антропогендік мәдени және төменгі құмды-сазды топырақ құраған. Балық сүйектері, ұлу қабыршағы сияқты көл табанына тән қалдықтар табылмады. Алдағы уақытта бақылау қазбаларын ауқымды әрі жүйелі түрде жүргізіп тұру қажет етіледі.

 

Жұмыс кестесі

Дүйсенбі/Жексенбі: 09:00-18:30

Түскі үзіліссіз/демалыссыз

Кері байланыс

Тел/факс: +7 702 059 7858

E-mail: museumsaraishik@mail.ru