Бүгін РФ Мемлекеттік Тарихи музейі Бас директорының ғылыми-ағарту жұмыстары жөніндегі орынбасары Ольга Александровна Сиротина «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК директоры Әбілсейіт Мұқтар мен ғалым хатшы Амангелді Жұмабаевты қабылдады. Кездесу барысында өзара тәжірибе алмасу, бірлескен қазба жұмыстарын жүргізу, музей қорларында жұмыс жасау мәселелері талқыланды. Тарихи музей Алтын Орда кезеңіне қатысты мол қор қалыптастырған. 1959 жылдан бергі Астрахан, Қырым жерлерінде жүргізілген археологиялық олжалар, есептерінің көпшілігі осында сақталған. Музейде Алтын Орданың белгілі маманы, тарихшы В. Егоров еңбек еткен. Оның да біраз құжаттары осында. Бүгінде музей археологы Екатерина Болдырева жылда Селитренный қалашығында қазба жұмыстарын жүргізуде. Кездесу нәтижесінде болашақта бірлескен жұмыстардың негізі қаланды.