“Сарайшық” музей-қорығы ғалымдары халықаралық Алтын Орда қауымдастығы қазақ бөлімшесінің алғашқы пікірталасына қатысты.

2020 жылы 19 қарашада Татарстан Республикасы Ш.Марджани атындағы Тарих институты ұйымдастыруымен Жошы Ұлысы – Алтын орда тарихын зерттеушілердің халықаралық қауымдастығы құрылған болатын. Қауымдастық аясында қазақ бөлімі құрылып, оған белгілі тарихшы ғалымдар Ә. Муминов, А. Кушкумбаев, Н. Атығаевтар сайланды. “Сарайшық” музей – қорығы ғалымдары алғаш күннен бастап-ақ қауымдастықпен байланыс орнатты. Бүгін бөлімшенің алғашқы пікірталас клубы өз жұмысын бастап, доктор Жақсылық Сабитовтың «Орыс ханның шығу тегі мәселесі» баяндамасын талқылады. Алтын Орда ханы Орыс хан қазақ хандарының атасы болып саналады. Қазіргі таңда оның ата-бабасы туралы тарихнамада екі пікір қалыптасқан. Баяндамашы ортағасырлық деректерді салыстырып, Орыстың Жошы ханның он үшінші ұлы Тоқай Темірден тарайтынын дәлелдеді. Осы жолы өзге пікірлер айтылмады. Біз өз тарапымыздан хандар таңбалары мен туларына назар аударып, оларды дерек ретінде пайдалануды ұсындық. Орыс ханға қатысты тың мәселелер шетел ғалымы Е. Гончаров тарапынан айтылды. Ол Орыс хан тұсында соғылған тиындарды саралап, оның алғашқылары 1341 жылмен есептелетінін және Сырдария бойында соғылғанын атап өтті. Ғалым Орыс атауы Өріс болуы мүмкін деген де пікір білдірді. Е. Гончаровтың қызықты баяндамасы келесі отырысқа шығарлымақ.




