Сарайшық Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламалық мақаласын талқылады
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК ұжымы 2021 жылы 5 қаңтарда еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын арнайы талқылап, көтерілген маңызды мәселелер бойынша алда атқарылар жұмыстарды тағы бір пысықтады. Мақаланы талқылау барысында профессор Әбілсейіт Мұқтар тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жыл ішіндегі игі жетістіктер мен олардың сабақтарына, мемлекеттілік және мемлекетшілдік мәселелеріне назар аударса, филология ғылымдарының кандидаты Баязи Әбдешов «Ортағасырлық Сарайшық» энциклопедиясының жастарды патриотизмге тәрбиелеудегі рөліне, археолог Айбек Тұрарұлы ортағасырлық Сарайшық аумағындағы «Хан моласын» зерттеу, оның маңызына мән берді. Жас ғалымдар – магистрлер Амангелді Жұмабаев, Жанар Диярова музей қорық ғалымдарының ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінен 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша ұтқан «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва және Астрахань лагерлері: «тарих, естелік, тағылым (1932-1950 жж.)» атты ғылыми жобасының Президент айшықтаған тапсырмаларымен үндесетінін атап өтті. Талқылау барысында мақала көтерген мәселелерді іс жүзіне асыру бағыттары анықталып, жаңа ғылыми зерттеу жоспарлары жасалды.




