Атырау облысы аудан әкімдіктері Сарайшық музей-қорығының дамуына өз үлестерін қосты

Махамбет, Индер ауданы әкімдіктері ортағасырлық Сарайшықты туризм аймағына айналдыру мақсатында көмектесті. Алдымен ескерткіш орналасқан Махамбет ауданы 2019, 2020 жылдары облыстық суретшілер мен қолөнершілердің байқауын өткізіп, жүлделі орындарға ие болған туындыларды музей қорына тапсырды. Нәтижесінде музей-қорық 9 сурет, 4 қолөнер туындыларымен толықтырылды. 2020 жылдың аяғында аудан музей қорықтан республикалық ескерткіш орнына тіке баратын жолды тегістеп қолайлы қарым-қатынас маршрутын қалыптастырды. Ендігі жағдайда туристерге бұрынғыдай ескерткіш үстін көлікпен баспай келетін мүмкіндік жасалды. Махамбет ауданы музей қорықтың ғылыми ізденістерін де қолдап келеді. Оған аудан зиялыларымен бірлескен 2019 жылғы қазан айындағы «Алтын Орда астаналары – Сарайшық –Сарай Бату – Сарай Берке» халықаралық экспедициясы, «Сарайшық –Сарай Бату арасындағы керуен жолдарын зерттеу» экспедиция аясында Қызыл үй мектебі, Тасоба мекені бағытындағы жұмыстар куә.
Индер ауданы әкімдігі 2020 жылдың аяғында ортағасырлық Сарайшықтағы ескерткіштер араларын қосып, туристерге қолайлы маршрутты қалыптастыру мақсатында жаяу жолға арналған уақытша төсеніш тастарын алып берді. Осындай игі шаралар 2021 жылы да жалғасын таппақ.





