Зұлқарнай Алдамжардың есімі туған жеріндегі көшеге берілді

Бүгін, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен қасиетті Сарайшық ауылында көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қоғам және мемлекет қайраткері Зұлқарнай Алдамжардың есімін ұлықтауға арналған тағылымды шара өтті. Шара барысында туған жері Сарайшықтан түлеп ұшып, қазақ тарих ғылымы мен жоғары білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның есімі ауылдағы көшелердің біріне беріліп, арнайы рәсім ұйымдастырылды.
Зұлқарнай Алдамжар 1937 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында дүниеге келген. Ол саналы ғұмырын тарих ғылымына, жоғары білім беру саласына және елдің қоғамдық өміріне арнады. Ғалым тарихнама, деректану, зерттеу әдістемесі мен тарих ғылымының теориялық мәселелерін зерттеуге елеулі үлес қосты.
Салтанатты шарада «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы, Махамбет ауданының өкілдері, ғалымның туыстары, шәкірттері мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Зұлқарнай Алдамжардың ғылыми мұрасы мен ел тарихына қосқан үлесі туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Туған жеріндегі көшеге ғалым есімінің берілуі – оның ғылым мен білімге сіңірген еңбегіне көрсетілген құрметтің, тарихи тұлғаның есімін кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртудың жарқын көрінісі.
Зұлқарнай Алдамжардың есімі Сарайшық тарихымен бірге жасай берсін!
![]() |
![]() |





