Тілдер күні мерекесі
Тілдер күні мерекесіне орай, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Қ. Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің 9-сынып оқушыларымен кездесті.
Мектеп қабырғасында «Көне Сарайшық сыры: Тастағы жазулар мен ана тіліміз» атты 45 минуттық интерактивті дәріс-сабақ өтті. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа Сарайшық шаһарының терең тарихын таныту, көне жәдігерлердегі жазулар мен белгілер арқылы ана тіліміздің, мәдениетіміздің тамыры қаншалықты тереңде жатқанын түсіндіру. Сабақ барысында оқушылар тек дәріс тыңдап қана қоймай, музей қызметкерлері дайындаған интерактивті ойындарға белсене қатысты. «Терминді тап!» ойынында тарихи ұғымдарды жаңғыртса, «Жәдігерді сипатта» айдарында арнайы дорбаға жасырылған Сарайшықтың көне шүмегін, жылқы бейнесіндегі қола құлыпты және тарихи тиынды сипап сезу арқылы тауып, логикалық ұшқырлықтарын көрсетті. Орта ғасырлық жәдігерлер балалардың үлкен қызығушылығын тудырды. Шара соңында белсенділік танытқан 9-сынып оқушыларына музей-қорықтың атынан арнайы Алғыс хаттар, Сарайшықтың аңыздары мен флора-фаунасы суреттелген «Қасиетті мекеннің сырлы табиғаты» атты кітапша-буклеттер және «Сарайшық соғыс жылдарында 1939-1945 жж.» атты тарихи буклеттер табысталды.
Бабалар аманаты мен тіл мәдениетін ұштастырған тағылымды сабақ өз мәресіне жетті.
![]() |
![]() |





